Павлодар педагогикалық университетінің ресми сайтында хабарланғандай, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов университет ұжымына жаңа ректорды таныстырды. Ол - академиялық және ғылыми қызметте тәжірибесі бар Ержан Амирбекұлы.
Ұжым алдында сөз сөйлеген вице-министр жаңа басшының жоғары кәсібилігін және біліктілігін атап өтіп, оның жетекшілігімен университеттің дамуын жалғастырып, білім беру саласындағы позицияларын нығайтып, жоғары білікті мамандар даярлауға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Университет ұжымы атынан "Ақылдастар алқасы" төрағасы Бахтияр Найманов, кәсіби бағдар беру жұмысы бөлімінің жетекшісі Гульнар Мусанова және өнер және спорт жоғары мектебінің деканы Валентина Лебедева құттықтау сөздерімен шықты. Олар университеттің үздік дәстүрлерін сақтау мен сабақтастықтың маңыздылығын айтты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Павлодар педагогикалық университетінің бұрынғы ректоры Жанбол Жилбаевқа университеттің дамуына, тиімді басқаруына және білім беру саласындағы жетістіктеріне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Ержан Амирбекұлы 1998 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін үздік тәмамдап, осы университетте оқытушы ретінде еңбек жолын бастады. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының аспирантурасына қабылданды.
2004 жылы кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Т. Рыскулов атындағы Қазақ экономикалық университетінде оқытушы болып жұмысқа қабылданды. Осы кезден бастап оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, "Экономика" кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2006-2009 жылдары докторантурада оқып, 2010 жылы докторлық диссертациясын қорғады. 2018 жылы профессор атағын алды.
2014-2015 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығында бөлім меңгерушісі болды.
2015-2018 жылдары Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде Халықаралық бизнес мектебінің директоры, оқу және ғылым жөніндегі проректор қызметтерін атқарды.
2018-2020 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ал 2020-2021 жылдары Тараз өңірлік университетінің проректоры, ректоры қызметтерін атқарды.
2021-2024 жылдары Ержан Амирбекұлы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры болды.
Бұған дейін Павлодар педагогикалық университетінде Антикор негізсіз қаржыны пайдаланудың фактісін анықтады. Университет студенттерге арналған оқу әдебиеті ретінде 31,5 миллион теңгеге бір кітап сатып алуды жоспарлаған.
Сондай-ақ, Павлодарда университет сот арқылы "Бастауыш білім беру әдістемесі" мамандығы бойынша оқыған студенттен қарыз өндіруге әрекеттенді. Іс медиациялық келісіммен аяқталды.