Комиссия құрамына ҚР мемлекеттік органдарының, сондай-ақ атом және энергетика саласындағы ұйымдардың өкілдері кіреді.
Қазақстанның электр энергиясына өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін атом электр станциясын салу мүмкіндігін қарастырып отырғаны белгілі. Бұл ретте болашақ АЭС-тің қауіпсіздігі, сенімділігі және экологиялық тазалығы негізгі басымдықтар болып табылады.
Ведомствоаралық комиссия реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік жеткізушілерінің ұсыныстарын зерттеп жатыр. Бұған дейін «қысқа тізімге» енген компанияларға технологиялық шешімдер, қауіпсіздік жүйелері, қаржыландыру шарттары және экологиялық аспектілер туралы егжей-тегжейлі сұрақтар жіберілген.
Қазіргі уақытта әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (Қытай, HPR-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200 реакторы), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1000, APR-1400 реакторлары) және «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) компаниялары қарастырылып жатыр.
Реактор жеткізушілерінің ұсыныстарын мұқият және жан-жақты зерттеу жұмыстары жалғасады. Ақырғы шешім барлық факторларды ескере отырып, Қазақстан Республикасының мүддесінде қабылданатын болады.
Бұған дейін АЭС-тің Жамбыл ауданында Алматы облысында салынатыны белгілі болды.