«Күткен жаңалық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін — 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жан басына қаржыландыру көлемі артады. Қазіргі қолданыстағы жан басына нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес, 1 студенттің білім алуына бөлінетін орташа қаражат 437 мың теңге болса, енді ол орташа 912 мың теңге болады. Жаңа қаржыландыру нормативі негізгі және ынталандырушы бөліктерден тұрады, ал ынталандырушы төлемдер нақты көрсеткіштерге жеткен колледждерге беріледі», — деп хабарлады Бейсембаев.
Оның айтуынша, жаңа қаржыландыру жүйесі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, білім беру ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге, педагогтардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
«Жас маман» жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж заманауи білім беру жабдықтарымен жабдықталды.
«Қазіргі уақытта 270 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажеттілігі бар. Бұл білім беру ұйымдары оқу процесінде моральдық тұрғыдан ескірген жабдықтарды пайдаланады. Сәйкесінше, кейбір жағдайларда жұмысшы мамандықтары бойынша даярлық сапасының төмендеуі байқалады, ал түлектердің меңгерген дағдылары қазіргі өндіріс талаптарына сәйкес келмейді», — деді Бейсембаев.
Ол әкімдіктерге 2025-2027 жылдар аралығында колледждерді заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету және колледж студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз ету міндеті қойылғанын қосты.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта колледж студенттері үшін тұрғын үй тапшылығы 6 мыңнан астам орынды құрайды. Ең үлкен тапшылық Алматы мен Астанада, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.