Қазақстанда 9 автокөлік өткізу пункті жаңартылуда
Қазақстанда автокөлік өткізу пункттерін кең ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда жаңартуға Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарада орналасқан 9 бақылау-өткізу пункті кірді.
Жоспарланған жұмыстар аясында өткізу қабілетін күніне 6 есе арттыру, орташа есеппен 170-тен 960-қа дейін көлік құралдарын қабылдау, сондай-ақ шекарадан өту уақытын 30 минутқа дейін қысқарту күтілуде. 9 өткізу пунктінің жаңартылуын биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасындағы барлық 10 автокөлік өткізу пунктінде автоматтандырылған электронды кезек жүйесі енгізілді. Оны «Qoldau.kz» платформасында және «CargoRuqsat» мобильді қосымшасы арқылы пайдалануға болады.
Жүйені енгізу республикалық маңызы бар жолдар бойында автокөлік құралдарының физикалық шоғырлануын жоюға мүмкіндік берді және жүк тасымалдау процесінің айқындығын қамтамасыз етті.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алудағы негізгі өзгерістер
Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру аясында Қазақстанда «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң әзірленді, оның әрекеті 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұл құжат тендер өткізу рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, өзгерістер мыналарды қамтиды:
- конкурс өткізу мерзімдері қысқартылады (конкурс құжаттамасын талқылау 5-тен 2 жұмыс күніне; өтінімдерді қабылдау 15-тен 5 жұмыс күніне; өтінімдерді қарау және қорытынды шығару 10-нан 3 жұмыс күніне);
- құрылысқа байланысты жұмыстарға қоғамдық мониторинг енгізіледі. Жұмыстардың орындалу кестелері, шарттардың орындалуы бойынша есептер жалпы қолжетімділікке орналастырылады, қоғамдық мониторингке қатысу үшін халықты тарту жоспарлануда;
- сатып алу нәтижелерін шағымданудың жаңа тәртібі енгізіледі. Сатып алуды жедел жүргізу және рәсімдерді созып алмау мақсатында шағымдар сатып алу ұйымдастырушысы тарапынан қаралатын болады;
- маңызы аз сатып алуларды жүргізу үшін 100 МРП-ға дейінгі тауарлар, 500 МРП-ға дейінгі жұмыстар мен қызметтер үшін бір көзден сатып алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін бір көзден сатып алу шегі 3 000-нан 4 000 МРП-ға дейін артты;
- шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында құны 50 000 МРП-дан аспайтын тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда басым құқық белгіленді;
- тауарларды басымдықпен сатып алу жұмыстары жалғасады;
- отандық өндіріс тауарларын веб-портал арқылы сатып алу, ішкі нарықты қолдау мақсатында ұлттық режимнен алып тастаулар енгізіледі;
- бәсекелестікті дамыту және бизнесті қорғау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері болып табылатын жеткізушілердің өтінімдері, егер жеке кәсіпкерлер тарапынан кемінде екі өтінім болса, веб-портал арқылы автоматты түрде қабылданбайды;
- баға емес критерийлерді дамыту және жергілікті жеткізушілерді қолдау мақсатында шартты жеңілдіктерді есептеу тәртібі (1%-дан 2%-ға) және теріс мәндер (0,1%-дан 0,2%-ға) өзгертілді.