«2023–2024 жылдары Астанадағы Сот сараптамасы орталығының лауазымды тұлғалары, жабдықтарды сатып алу жоспарын қалыптастыру барысында, жеткізушілермен келісіп, жабдықтың құнын үш есе көтерді. Олар жалған коммерциялық ұсыныстарды ұсынды. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланар алдында техникалық спецификацияда тек аффилиирленген компаниялар жеткізе алатын жабдықтар көрсетілді», - делінген АФМ хабарламасында.
Сот сараптамасы орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің жетекшісі, сондай-ақ (компанияның атауы әлі жарияланбады) ЖШС-нің бас директоры ұсталып, қамауға алынды.
Сот сараптамасы орталығының лауазымды қызметкерлерінің Алматыда екі учаске, Астанада бір пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктері тәркіленді. Барлық мүліктің жалпы құны — 148 миллион теңгеден астам.
ЖШС-нің банктік есепшоттарында 1,6 миллиард теңге, 367 мың доллар және 366 мың евро тәркіленді.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
2023–2024 жылдары Сот сараптамасы орталықтары тікелей қарамағында болған Әділет министрлігін Азамат Ескараев басқарды. Ол 2025 жылдың 9 қаңтарында министр қызметінен босатылды.