«Мемлекеттік кірістер органдары Bazis-A компаниясына 4,6 миллиард теңгеге, Bi group компаниясына 11,9 миллиард теңгеге салық салынатын табыстарды төмендету туралы хабарлама жіберді», — деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл жұмыс 2022-2023 жылдары арнайы салық режимдерін (АСР) қолданатын субъектілердің өзара есеп айырысуын талдау аясында жүзеге асырылуда.
Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, жүргізілген талдау бұл компаниялардың салық төлемдерін азайту үшін АСР қолданатынын көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, өткен күні Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов ірі салықтық жүктемені оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын компаниялардың иелері мен басшыларына үндеу жасады.
Ол компанияларға қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы салық органдарынан хабарламалар келетінін ескертті. Осыған байланысты, олар екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсырып, әділ салық сомаларын төлеуге міндетті. Әйтпесе, мемлекет қолында бар барлық ресурстарды, оның ішінде фискалдық және құқық қорғау органдарын қолдану құқығын өзіне қалдыратынын атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, үкіметте осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар, оның ішінде BI Group, BAZIS сияқты танымал құрылыс компаниялары және басқа да көптеген компаниялар бар. Сонымен қатар, бұл тізімде танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және экономиканың басқа секторларында жұмыс істейтін түрлі компаниялар да бар.