Нұр-Сұлтанда «Ұстаз» фильмі режиссер Ерлан Ошақбаевтың педагогтар, ардагерлер мен білім саласының қызметкерлері үшін таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Kazpravda.kz
Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, фильм жас маманның туған ауылына мұғалім ретінде оралуы туралы баяндайды. Онда педагогтың рөлі, білім беру және тәрбиелеу процесін жақсарту туралы ұмтылыс, сондай-ақ кәсіби қызметінде кездесетін қиындықтар мен қуаныштар көрсетілген.
Таныстырылымда білім министрі Гани Бейсембаев министрлікпен бірге фильмді еліміздің негізгі телеарналарында көрсету жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы өз сөздерінде педагогтардың қоғамдағы маңызды рөліне назар аударған болатын. Бұл сөздер педагогтарды қолдауға және білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдармен бекітілді. 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң педагогтардың жүктемесін азайту, артық функциялардан босату және жаңа ынталандыру жүйесін енгізу мәселелерін реттеді. Бұл фильмнің негізгі миссиясы — педагогтың тек кәсібі ғана емес, шын мәнінде шақыруы, миссиясы екенін көрсету. Менің үмітім, бұл фильм педагогтың қоғамдағы рөлін терең түсінуге маңызды себеп болады және жас мұғалімдер үшін жауапкершіліктерін сезінуге және мамандықта одан әрі дамуға ынталандыратын жол көрсетуші болады», — деп түйіндеді министр.
«Ұстаз» фильмінің идеясының авторы — Бейсен Куранбек, сценарий авторы — Гульмира Зербай.
Фильмде Жетісу облыстық драма театры мен Оқушылар сарайының поэзия театры актерлары рөлдерді орындады. Фильмнің түсірілімі аймақта «Жетісу» телеарнасының қолдауымен өтті, ал кейін оны еліміздің негізгі телеарналарында көрсетеді.