Сеулде Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаевтың Оңтүстік Кореяның жер, инфрақұрылым және көлік министрі Санг У Пакпен кездесуі өтті.
Тараптар көлік инфрақұрылымы саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ көлік маршруттарын дамытуға қатысты бірқатар жобаларды жүзеге асыруды талқылады. Сонымен қатар, Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға тікелей рейстер санын арттыру мүмкіндігі туралы мәселе көтерілді. Қазіргі уақытта екі ел арасында аптасына 14 жолаушылар және 6 жүк рейсі жүзеге асырылуда. Негізінен рейстер Астана мен Алматыдан орындалады. Енді Шымкенттен Оңтүстік Кореяға тікелей рейстерді іске қосу жоспарлануда.
Көлік министрі Марат Қарабаев Оңтүстік Корея делегациясын, жер, инфрақұрылым және көлік министрінің басшылығымен, Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге шақырды. Қарсы сапар аясында тараптар қалалық әуе мобильділігін енгізу саласында тәжірибе алмасады деп күтілуде - Urban air mobility (UAM).
Қалалық әуе мобильділігін енгізу идеясы қауіпсіз және тиімді әуе көлігі мен басқа да авиациялық технологиялар жүйесін құруға бағытталған. Бұл адамдар мен тауарларды/өнімдерді ірі қалалар мен аймақтар арасында, сондай-ақ қалалардың ішінде әуе арқылы тасымалдау тәсілдерін революциялауға мүмкіндік береді.
Концепцияның алғашқы кезеңі жаңа Alatau City қаласында сынақтан өткізіледі деп күтілуде. Жоба Alatau City-ды инновациялық хаб ретінде дамытуға қолдау көрсетіп, қазақстандық және корей инвесторларын тартуға ықпал етеді. Концепцияны енгізу аясында Hyundai Motor Group сияқты жетекші оңтүстіккореялық компаниялармен ынтымақтастық жоспарлануда.
Кездесудің нәтижесінде Қазақстан және Корея көлік министрліктерінің басшылары көлік логистикасы мен өзара әрекеттесу саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайындықтарын білдірді, бұл елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға ықпал етеді.