Жергілікті тұрғындар мектептің ашылуын шамамен төрт жыл күтті.
Мемлекет басшысының еліміздегі үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту жөніндегі тапсырмасы Ақтөбе облысында сәтті жүзеге асырылуда. Айтекебий ауданының аудан орталығы Темірбек Жүргенов ауылында жаңа мектептің құрылысы аяқталды.
Апатты деп танылған ескі Комсомол жалпы білім беретін мектебінің 420 оқушысы енді жаңа оқу орнында білім алатын болады.
Комсомол жалпы білім беретін мектебі 270 орынға арналған, мұнда екі ауысымда 540 оқушы білім ала алады. Мектепте 78 орындық асхана, жабдықталған кабинеттер, кең спорттық және акт залдары, сондай-ақ ашық спорттық және балалар алаңдары бар.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында облыс әкімі Асхат Шахаров құрылыс басқармасына осы оқу жылында мектепті тапсыруды тапсырды. Мектептің құрылысын өңір басшысы бақылап отырды. Мердігер ұйым 2022 жылдың 20 шілдесінде жұмыстарды бастады.
Салынған мектептің жалпы алаңы 5991,6 шаршы метр, оқу блогының алаңы – 4895 шаршы метр.