Қытай Халық Республикасынан келген делегация құрамында China Grain Reserves Group Ltd. Company, CITIC Construction, Қытай ауыл шаруашылығы халықаралық алмасу ассоциациясының өкілдері бар. Делегация Қазақстанда Республиканың әлеуетімен танысу мақсатында жұмыс істеп жатыр.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында астық және майлы дақылдарды жеткізу және сауда мәселелері талқыланды.
«Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, биылғы жылы аграрийлер барлық агротехнологияларды сақтап, қолайлы ауа-райының арқасында біз жоғары астық өнімін алдық. Жақсы сападағы 26 миллион тоннаға жуық астық жиналды. Біз 3 миллион тонна майлы дақылдар жинауды жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына астық экспортын 2 миллион тоннаға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Сіздің нарығыңыз біз үшін үлкен қызығушылық тудырады, және біз жыл сайынғы жеткізілім көлемін 3-4 миллион тоннаға дейін арттыруға дайынбыз», - деп атап өтті министр.
Өз кезегінде ДЭН Иу майлы дақылдар мен соя жеткізуге қызығушылық танытты.
«Жыл сайын біз 100 миллион тонна астық және майлы дақылдарды импорттаймыз. Біз сіздермен ынтымақтасып, жеткізу туралы келісім жасауды жоспарлап отырмыз. Логистикамен байланысты бірқатар мәселелер бар, біз оларды сіздермен бірге шешуге дайынбыз», - деп атап өтті ол.
Тараптар бастапқы 100 мың тонна астық және сондай көлемдегі майлы дақылдарды экспорттау туралы алдын ала келісім жасасты. Партияны консолидациялау жауапкершілігі Прокорпорацияға жүктеледі.