103 млрд теңге биылғы жылы АФМ-нің бюджет қаражатын жымқыруды болдырмау жөніндегі шараларының нәтижесінде үнемделді, деп хабарлайды Kazpravda.kz
АФМ-нің мәліметі бойынша, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу кезінде жобалық-сметалық құжаттаманы тексеру барысында 61 құрылыс жобасы бойынша шығындар қысқартылды, бұл мемлекетке шамамен 103 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.
«Мәселен, Қарағанды облысында «Қарағанды Су» ЖШС-нің су тазарту негізгі құрылыстарын реконструкциялау жобасының ПСД-сы әзірлену кезеңінде 5 түрлі құбыр өнімдерінің бағасы көтерілгені анықталды», – деп атап өтті агенттік.
Бағаның көтерілгені аналогтық тауарлар мен басқа жеткізушілердің баламалы ұсыныстарын мониторингтеу арқылы анықталды. Атқарушы органмен бірлескен жұмыс нәтижесінде жобаның сметалық құны 6,1 млрд теңгеге төмендетілді.
«Тағы бір жағдайда, Ақтөбеде «Моисеевский су тарту құрылысын» жүзеге асыру барысында судың мақсатсыз резервуарлары аз көлемді резервуарларға ауыстырылды, бұл 827 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берді (шығындар 929-дан 102 млн теңгеге төмендеді)», – делінген ресми хабарламада.
Резервуарлардың көлемінің өзгеруі су құбырлары мен насостардың өлшемдерінің өзгеруіне әкелді, нәтижесінде түзетулер бойынша аймақ үшін үнемдеу шамамен 20 млрд теңгені құрады, деп атап өтті АФМ.