Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов Қытайдың Fufeng Group компаниясының басқарма төрағасы Ли Сюэчуньмен агроөнеркәсіптік кешен және көмір химиясы саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Ұзақ мерзімді инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне, терең өңдеуге баса назар аударылды, деп хабарлайды Kazpravda.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Fufeng Group Company Limited – аминқышқылдары мен олардың туындыларын өндіруге, сондай-ақ осы салада зерттеулер мен әзірлемелерге маманданған био-ферментация индустриясының әлемдік көшбасшысы. Компания глутамат натрийі мен ксантан камедінің әлемдегі ең ірі өндірушісі болып табылады.
Fufeng Group-тың Қазақстанда терең өңдеу үшін интеграцияланған өнеркәсіптік парк құру ұсынысы талқыланды, оған крахмалды қант пен аминқышқылдарын ферментациялау зауыттары, сондай-ақ көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясы мен ағынды суларды тазарту станциясы кіреді.
Бидай мен жүгеріні терең өңдеу жоғары қосылған құны бар өнімдер – крахмал, аминқышқылдары, глутамат натрийі мен ксантан камедін алуға мүмкіндік береді, олардың бағасы шикізат құнынан 10-15 есе жоғары. Жобаның аясында 1 мың жұмыс орны ашылып, инвестиция көлемі шамамен $300-350 млн. құрайды.
Ли Сюэчунь компанияның ауылшаруашылық дақылдарын өсіру процесіне қатысуға, сапалы тыңайтқыштар ұсынуға және Қазақстандық мамандармен заманауи агротехнологиялар бойынша тәжірибе алмасуға дайын екендігін атап өтті. Инвестор көмір химиясы секторындағы ынтымақтастыққа да қызығушылық танытты.
Қазақстан үкіметінің жетекшісі агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция салудың маңыздылығын, мемлекет басшысының экономиканы өсіру жөніндегі қойған мақсатына жету аясында атап өтті.
«Қазақстан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруді арттыруға ұмтылуда, және дәнді дақылдарды терең өңдеу кешендерін салу - басымдық. Бұл стратегиялық бағыт экономиканы әртараптандыруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік береді. Бізде инфрақұрылым, шикізат ресурстары және мемлекет тарапынан қолдау шаралары бар. Жоба агроөнеркәсіп секторында қосылған құнды жасау мен заманауи технологияларды енгізудің жақсы мысалы болады. Үкімет тарапынан қажетті қолдау қамтамасыз етіледі», — деді Олжас Бектенов.
Fufeng Group сияқты ірі ойыншының Қазақстан нарығында пайда болуы, әсіресе солтүстік дәнді дақылдар өсірілетін өңірлерде, ауылшаруашылық дақылдарын әртараптандыруға ықпал етеді. Компанияның Қазақстан фермерлерімен офтейк-келісімдер жасау жоспары тиімді ынтымақтастық үшін кепілдіктерді қамтамасыз етеді.
Кездесудің қорытындысы бойынша премьер-министр ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне Fufeng Group-пен инвестициялық келісім-шартты жедел түрде әзірлеуді тапсырды.